Театр • 12 Мамыр, 2017

Қостанайда маңғыстаулық студенттер «Азаппен өткен өмір-ай!»  спектаклін қойды

451 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қостанайда «Ақ жол» демократиялық партиясының Маңғыстау облыстық филиалы «Ақ жол-жастар» жастар қанатының қолдауы-демеушілігімен жастар театры  «Азаппен өткен өмір-ай!» спектаклін қойды.

Қостанайда маңғыстаулық студенттер «Азаппен өткен өмір-ай!»  спектаклін қойды

Жастар театры кәсіпқой театр емес, Каспий өңірі Болашақ колледжінің өнерге бейімі бар дарынды студенттерінен құралған қоғамдық негіздегі өнер ұжымы. Жазушы Өтен Ахметтің «Азаппен өткен өмір-ай!» драмасын Әлия Исаеваның режиссерлығымен сахналанды. Шығармаға Алаш көсемдерінің бірі, ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсыновтың күрескерлік жолда көрген азабы, жары Бәдрисафа екеуінің шынайы махаббаты, адалдық пен адамгершілік биігінен көрінгені өзек болады.

Кәсіби актерлер болмаса да Бәдрисафаның жас кезін Нұргүл Бектұрсынова, қартайған шағын Әлия Исаева әдемі алып шықты. Сонымен қатар, Ахметтің ролін Ғазиз Ізтұрғанов, Атсыздың ролін Рамазан Таңсықбаев, Қапизаны Гүлмайса Шаңбаева шынайы беруге талпынған. Жастар театрына Қостанай облыстық мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Роза Төлешева көрермендер атынан рахмет айтты.

Спектакль соңында пьеса авторы Өтен Ахмет пен «Ақ жол» демократиялық партиясы Маңғыстау облыстық филиалының төрағасы Жаңбырбай Матаев көрермендерге жастар театры туралы айтып берді.

«Ахмет атамыз бен Бәдрисафа шешеміздің ауыр тағдыры туралы  спектакльді Қостанай жұртшылығына көрсетуді армандап едік, сол мақсатымызға жеттік. Спектакльде 15 пен 17 жас аралығындағы студент балалар ойнады. Тәуелсіздік үшін күрескен аталар тарихын жастарымыз білуі тиіс. Елбасы айтқан рухани сілкініс, жаңару онсыз болмайды. Партия филиалының жастар қанаты жастармен 22 бағытта жұмыс істейді. Жастар театрының қойған шығармасы бір бұл емес, репертуарда жастар өміріне арналған бірнеше шығарма бар», деді Жаңбырбай Матаев.

Маңғыстаулық жастар театры қостанайлықтарға нашақорлық дерт туралы «Жұлынқұрт» спектаклін де көрсетті.

Нәзира Жәрімбетова,
«Егемен Қазақстан»